
Педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Білім беру ұйымдары педагогінің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады.
Конкурсты ұйымдастыру тәртібі мынадай кезеңдерді қамти отырып, конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған соңғы күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүргізіледі:
1) тиісті деңгейдегі білім беру ұйымдарының және (немесе) білім беруді басқару органының Интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілердің ресми аккаунттарында конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсты өткізу күні мен орнын айқындау және конкурстық комиссияны қалыптастыру;
3) конкурсқа қатысуға ниет білдірген кандидаттардан құжаттарды қабылдау;
4) кандидаттар құжаттарының Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау;
5) конкурстық комиссияның қорытынды отырысы.
Конкурсқа педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін педагогтер қатыса алады.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген үміткерлер конкурсқа қатысуға құжаттар ұсынған кезеңде, Ұлттық біліктілік тестілеу сертификаты (бұдан әрі – ҰБТ) немесе педагог-модератордың, педагог-сарапшының, педагог-зерттеушінің, педагог-шебердің біліктілік санатының болуы туралы куәліктерін және бекітілген нысан бойынша педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттың толтырылған бағалау парағын тапсырады.
Сонымен қатар, конкурсқа қатысушы үміткер бар болған жағдайда біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми/академиялық дәрежелер мен атақтар беру, ғылыми немесе әдістемелік жарияланымдар, біліктілік санаттар туралы құжаттардың көшірмелері, алдыңғы жұмыс орнының басшылығынан ұсынымдар) ұсына алады.
Жоғары оқу орындары мен колледж түлектері бірден жұмысқа қабылданбайды. Олар диплом көрсетіп, бірден мұғалім бола алмайды. Алдымен ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, педагогтің бірінші санатын алуға міндетті.
Бекітілген нысан бойынша үміткерлер тестілеуден өту үшін Ұлттық тестілеу орталығына (бұдан әрі –ҰТО) өтініш жазады.
Тестілеу нәтижесі –тестілеуден өткені туралы сертификатты ҰТО конкурс жариялаған мемлекеттік органға және кандидаттың жеке кабинетіне жібереді. Тестілеуден өткені туралы сертификат тестілеу тапсырған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады. Шекті деңгейді жинамаған кандидаттар конкурстық комиссияның шешімімен конкурстың келесі кезеңдеріне жіберілмейді.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға тыйым салатын сыбайлас жемқорлық қылмыс және/немесе қылмыстық құқық бұзушылық және/немесе педагогикалық әдеп нормаларын бұзу туралы мәліметтер анықталған жағдайда, педагог конкурстың келесі кезеңіне жіберілмейді.
Егер конкурс нәтижесінде комиссия бос лауазымға орналасуға кандидаттарды анықтамаса, конкурс өткізілмеді деп танылады.