ҰСТАЗЫМ, МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ!

қаз 01, 2023 6

ұстазымменіңұстазым

💖ҰСТАЗЫМ, МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ!💖

Мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әр адам өзінің ұстаздарын сағынышпен, мақтанышпен, құрметпен еске алады. Мен өзімнің кез-келген жетістігім үшін ұстаздарыма қарыздармын.

📚💖Алғашқы ұстазым ШӘКЕНОВА ЖАМАЛ мұғалім (1-сурет). Мен балабақша да көрмеген, мектепалды даярлық сыныбын да көрмеген, тіпті өзімнен 1 жас кішілермен мектепке барған оқушымын (желтоқсанда туған соң, жасы толмады деп алмаған-ау деп ойлаймын). Үйде төртінші бала болған соң алдымдағы әпкелерімнен бәрін үйреніп алғанмын ғой, қиындық көрген жоқпын. Жамал мұғалім мен үшін сол кезде үлкееееен апай сияқты еді. Сөйтсем, колледжді жаңа ғана аяқтаған жас маман екен ғой. Түсіндіргенде дауыс ырғағы, бет әлпеті (ым-ишара), қимыл-қозғалысы айтатын ақпаратына сай өзгеріп тұратын. Дәл осы құбылысты қазір EQ деп жүрміз, ол 42 жыл бұрын да болған екен ғой, оны жеке теория деп қабылдамаса да. Менің бойымда көшбасшылық дағдыларды қалыптастырған да осы Жамал мұғалімім. Староста етіп сайлады, іс-шараларда жүргізуші етеді, біраз тапсырмалар жүктейді… Әйтеуір, 1-сыныптан “бастық” болдым))) Былтыр Ұлытау облысының білім басқармасына басшы болып келгеннен кейін, мектептерді аралауға шықтым. Жаңаарқа ауданының Ынтымақ мектебінде (бізге бір жыл ғана сабақ беріп, көрші ауылға келін болған) Жамал мұғалімім қарсы алды. “Менің еңбегімді ақтадың, саған сенемін” деп шабыттандырып қойды… Ұстаздың артықшылығы да осында ғой. Ол сені мектепте ғана емес, кәсіби жолда да шабыттандырады.

📚💖Мен-бақытты оқушымын. Себебі, маған сабақ берген мұғалімдер ғажап жандар еді. Мейізбеков Болат, Әбдрайымов Қазбек, Төкенов Біләл, Абдрахманов Хамит, Смағұлов Шәмкен, Жақыпбеков Зекен, Зейнуллин Аманжол, Мұхамеджанова Алтын, Жақыпбекова Алмагүл, Көпжасаров Рүстем, Оспанов Бекен мұғалімдерімнің жандары жәннатта болсын!

📚💖 Кенжебай Ахметов, Бақтылы Бекбергенова, Сәменова Зүбайра, Қалжанова Жанна, Султанмахмут Борсынбаев, Смайылова Мәдина, Айман Касимова, Смағұлова Қастерлі, Шакенова Гүлжамал, Жақыпбекова Аманкүл сияқты ұстаздарымның бірқатары зейнеткерлік демалыста, біразы әлі де бала оқыту мен адам тәрбиелеу ісінде жүр. Әрқайсыңызға құрметім шексіз, мені жетістіктерге жетелеген аяулы жандар! (есімдері аталмаған ұстаздарымнан кешірім сұраймын). Мен де Сіздердің жолдарыңызды таңдадым. Сіздер жасаған еңбектің ақталуына, Сіздер берген білімнің келесі ұрпаққа жетуіне бар күшімді саламын. Мерекелеріңізбен, ұстаздарым!📚💖💐

4.jpeg

5.jpeg

6.jpeg