Оразақта болған оқиға

там 28, 2017 3

"

                                            

Биылғы Ораза айының ең шуақты күні – Қадір түні мерекесін қарсы алар кездің күндізгі бір уақытында Оразақ ауылында ұмытылмастай оқыс оқиға болды.

         Нұра бойын жағалаған қос бүлдіршін аяқастынан суға тұншығып жағадан алыстай берді. Бұл осы ауылдың үйелмелі-сүйелмелі балалары ағайынды Жайық пен Нұрислам Жеңісбай ұлдары болатын.

         Астанадан ауылға демалысқа келген 17 жасар бозбала Шыңғыс Маратұлы оларды көзі шалып, Нұраның асау толқынына қарамай суға қойып кетеді. Қара суық су жасөспірім балаларға өрмекшінің торынан кем болған жоқ. Бірақ, жас өрен малтыққан бейкүнә жандарға араша болмақ боп әлі жеткенше өліммен арпалысқа түседі. 10 мен 12-нің арасындағы ағайынды балалар соның арқасында жағаға аман-сау шыққан екен. Бұл бір қуанарлық жағдай болса, өкініштісі сол, жаратылысынан ержүрек боп туған Шыңғыс Маратұлы Тиыштық әлсіреп барып Нұраның тұңғиығына батып кетеді.

Батыр бала осылайша бақилықтың есігін ашып оралмастардың қатарына қосылды.

Күйінішті естен кетпес оқиғаға Шыңғыстың туған-туысқандары қалай қиналса, Оразақ ауылының тұрғындары да қатты қамықты. Оның соңғы сапарға аттанардағы жаназасын осы ауылдың имамы Тимур Дәметов өзі шығарды. Басқаны құтқару үшін өзінің жанын қиған бұл жігіттің ерлігін осы елдің тұрғындары өмірі естен шығармайды деп ойлаймыз.

Шыңғыс Маратұлы Астана қаласындағы №53 мектеп-лицейінің шәкірті болған-ды. Қыршынынан қиылған жастың бұл ғұмырдағы ерлігі басқаларға өнеге болсын, жатқан жері жұмсақ, қабірі нұрға болсын!

Жанат Түгелбаев

«Есіл-Нұра» газеті

 

Шыңғыстың біздің мектеп-лицейінің оқушысы болғанын мақтан тұтамыз. Шыңғыс біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!